Құтқару қызметіндегі бір күн

aikynҚұтқару қызметі. Бұл қандай қызмет және мұндағы құтқарушылар кімді және неден құтқарады? Құтқару қызметінде қандай мамандық иелері жұмыс жасайды? Бұл сала мамандары қандай қасиеттеріне және қандай талаптарға сәйкес таңдап алынады? Құтқарушылар күн сайын қанша мәрте арнайы шақыру бойынша жолға шығады? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеген біз Алматыдағы Құтқару қызметінің құтқарушыларымен бір күн бойы бірге болып, олардың қызығынан гөрі, қиындығы мол жұмыстарына нақты көз жеткіздік.

Алматылық құтқарушы­лармен алғаш кездескенде біз­дің бірден байқағанымыз, мұндағы мамандардың барлы­ғы тарамыстай тартылған, білек­тей темірдің өзін бытырлатып үзетін талай жарыста бәйгені бермей, олжалы оралған құд­ды спортшылар секілді көрін­ді. Мұны бізге осындағы құт­қарушылардың дене бітімі ғана емес, олардың кез келген күрде­лі де қиын жағдайда жедел әрі байсалды әрекет ете алатын, арнайы іріктеуден өткен сай­дың тасындай жігіттер екен­дігінің өзі айқын «айтып» тұрды. Құтқарушылармен әң­гімелесе бергеніміз сол еді, қалалық «Құтқару қызметі­нің» бас құтқарушысы, кезектегі ауысымның бастығы Мұрат Көшетовтың қолындағы ра­циясы безектеп берді. Рация­дан саңқылдап тұрған құтқару қызметінің кезекші диспетчері қала орталығында анасымен серуендеп жүрген бір кішкен­тай баланың басын шарбақ темір­ге сұғып алып, шығара ал­май жатқанын жедел түрде жеткіз­ді. Жедел хабар алған бас құтқа­рушы Мұрат еш ойланбастан:

«Ал, жігіттер, «атқа» қоның­дар, тезірек жетейік, баланы шұғыл құтқаруымыз қажет!» деп бұйрық берді де, қолына электронды планшетін алып, жолға шықты. Біз фототілші Айтжан екеуі­міз де құтқару­шыларға ілестік. Сөйтіп, ара­да біраз уақыт өт­кенде құт­қарушылар оқиға орнына жет­ті. Сөйтсек, жасы екі мен үштің ара­сындағы ойын баласы ба­сын орындықтың темір шарбағы­нан шығара алмай (суретте) жылап жатыр, анасы не істерін білмей, есі шы­ғып кеткен. Же­дел жеткен құтқарушылар әлгі орындық­тың темір шарба­­ғын арнайы құралмен дереу кесіп, әп­-сәтте баланы «азаптан» құт­қарып қалды. Кезекшілік құ­рамдағы психолог-құтқа­рушы болса, ба­ламен, анасы­мен әң­гімелесіп, оларды  жұбатуға ты­рысып, ақыл-кеңес берді.Ара­да жар­ты сағат уақыт өтпей жатып, біз мінген құтқарушы­лар эки­пажының құрамы Түрксіб ауданында жол-көлік апаты болған жерге жетуге асықты. МАИ қызметкерлері де оқиға орнына келіп жеткен екен. Сөйтіп, МАИ инспекторынан оқиғаның жайын анықтап ал­ған құтқарушылар шұғыл жағ­дайда көліктің бірінің ішінде жаншылып, жан даусы шы­ғып жатқан адамды құтқаруға кі­рісті. Олар арнайы металл кес­кіш құрал арқылы көлікті кесіп, өмір мен өлім арасында ала­сұрып жатқан адамды шығарып алып, дереу жедел жәрдем дә­рігерлеріне табыстады. Осы оқиғадан соң құтқарушылар мін­ген көлік құтқару қызметі мекемесіне қарай бет алды. Сәл үнсіздікті бұзып, біз: – Жі­гіттер, жұмыстарың қиын да өте күрделі екен, тірі пенде­нің басына бермесін, әлгі оқи­ғаларды көріп, шошып кет­тік, – деп құтқарушыларға сөз тас­­тадық. Біздің ойымызды бір­­ден ұққан бас құтқарушы Мұрат Құрбанбайұлы: – Аға, бұл біздің күнделікті қызметіміз әрі міндетіміз. Қайсыбіреу­лер айтатындай, құтқарушы бо­лу оңай шаруа емес. Сондықтан құтқарушы болатын адамды осы жерде сан түрлі тексеруден өткізеді. Ең алдымен, құтқару­шы спорттық қалыпта ғана емес, психологиялық жағынан да өте мықты болуы тиіс. Әйт­пе­се, жаңағыдай жол-көлік апа­тын көре тұрып, жан ұшырып жатқан немесе өлген адамды көліктің бортын кесу арқылы сыртқа шығару оңай емес. Мұн­дай оқиға ең алдымен, адам­ның жүйкесіне қатты әсер етеді. Сондықтан да құт­қарушы боламын деген адам мұнда бірнеше ай бойы арнайы сынақтан (спорт түрлері бойын­ша  және  психологиялық  тексе­ру, т.б.) өткізіледі. Мысалы, ме­нің құтқарушы болғаныма он бір жыл болды. Осы жылдар ішінде алуан түрлі оқиғалардың куәсі болдым. Кейде тұрғын­дар болмайтын бір нәрсеге шақырса, енді бірде көмегіміз ауадай қажет оқиғаларға ша­қырады. Айта кетейін, менің бастапқы мамандығым дәрігер. Құтқарушылық қызметтің та­ғы бір ерекшелігі, жол-көлігі апатына түскен немесе басқа­дай жағдайда зардап шеккен адамға біз қажет болған жағ­дай­да дәрігерлік көмек те көрсете­міз. Дәрігерлік білімімнің мұн­дай­да көмегі зор. Менің отбасым­да үш ұлым бар. Екеуі кішкентай, үлкен ұлым спорттың бірне­ше түріне қатысады. Жалпы, спортпен шұғылдану қазіргі уақытта ұл балалар үшін ғана емес, қыз балаларға да ауадай қажет. Себебі олар бүгінгідей көше бұзақысы көп кезеңде өздерін қорғай білуі тиіс, – деп аз-кем әңгімеге араласты.

Ал осындағы құтқарушы­ның бірі Досым Надырбеков болса, сегіз жылдан бері құт­қарушы болып келеді екен. «Мен Алматы заң колледжін, одан соң Абай атындағы универси­тетін заңгер мамандығы бойын­ша бітірдім. Мысалы, мен аз-кем спортпен айналысқаным болмаса, суда жүзумен шұғыл­данбаған адаммын. Сондықтан құтқарушы болмас бұрын ал­дымен суда жүзу, тереңге сүңгу тәрізді спорт түрімен айналы­сып, терең меңгеруіме тура кел­ді. Оның үстіне, әрбір құтқа­рушы альпинизмнің қыр-сы­рын терең меңгерген, қажет бол­ған кезде биік құзға еш қиындық­сыз өрмелеп шыға алатындай шебер болуы тиіс. Мұндағы қыз­меттес жігіттердің барлы­ғы дерлік сан алуан спорт түрін меңгерген бесаспап жігіттер»  деп Досым өзі және әріптес­тері туралы сыр шертті. Досым­ның әңгімесін диспетчерлік бөлімнен келіп түскен тағы бір оқиға туралы хабар бұзды. Са­қадай-сай тұрған жігіттер әб­жіл қимылдап, тағы да дабыл бойынша жолға шықты. Бұл жо­лы құтқарушылар экипажы қаладағы Чапаев көшесі бойын­дағы балалар  аурханасына  кел­ді. Сөйтсек, М. есімді бір жігіт­тің әйелі мен баласы осындағы ауруханада жатыр екен. Әлгі екеуінің хал-жағдайын білу­ге асыққан әлгі жігіт көшені айналып өтуге ерініп, ауруха­наның темір шарбағынан қар­ғып өтпек болған екен. Сөйтсе,  темір шарбақтың үшкір ұшы М.-нің қолына (суретте) кіріп кетіп, амалсыздан биік дуалға асылып тұр екен. Оқиғаның мән-жайын бірден түсінген Мұ­рат пен Досым дереу ауруха­на шарбағының найзадай те­мірлерін кесіп, әлгі байғұсты азаптан құтқарды. Міне, осы­лайша алматылық Құтқару қызметі құтқарушыларының күн­ді түнге жалғаған қауырт жұмысы жалғасып жатты. Біз оларға сәттілік тілеп қала бердік…

МАМАН  ПІКІРІ:
Серік ӘБДІРАХМАНОВ,

Алматы қалалық Құтқару қызметі біртұтас кезекшілік-диспетчерлік қызметінің бастығы:

– Құтқару қызметінің 109 санды телефон номеріне түскен әрбір ақпар біздің осы диспетчерлік бекетте тіркеледі. Қазіргі күні мұнда 32 диспетчер жұмыс жасайды. Мұнда тәулік бойы жұмыс жасайтын кезекті ауысымдағы 8 диспетчер телефон арқылы түскен ақпараттарды қабылдайды. Бұған қоса, тағы екі қызметкеріміз психологиялық орталықта жұмыс жасайды. Осы диспетчерлік орталыққа тәулігіне 4 мыңнан 6 мыңға дейін қоңырау шалынады. Қабылданған ақпаратқа сәйкес құтқарушыларды жіберу-жібермеу мәселесі шұғыл жағдайда осы жерде шешіледі. Шындығы сол, алуан түрлі жағдайға түсіп, құтқарушының көмегін күткен тұрғындардың өмірі диспетчер-қыз-келіншектердің қолында. Сондықтан да бұл – өте қиын әрі жауапкершілігі зор жұмыс.

 

Латив САДЫҚОВ,

Алматы қалалық Құтқару қызметі автошаруашылығының бастығы:

– Құтқару қызметінде 134 автотехника бар. Мұның он данасы – «АСК» апаттық-құтқару контейнері. Бұл контейнерде қандай да бір апатты һәм қауіпті жағдайда 500 – 700 адамды еш қиындықсыз құтқаруға мүмкіндік беретін қажетті жабдықтардың бәрі бар. Күнделікті 10 автокөлік қосымша дайындық резервінде тұрады. Құтқарушылар тәрізді біздің автокөліктеріміз де тәуліктің кез келген сағатында жолға шығуға сақадай-сай. Бір көліктегі экипаждың құрамында бір жүргізуші-құтқарушы және төрт құтқарушы болады. Бұған қоса, құтқарушыларға арналған бес резервтік және жол құрылысына арналған 36 автокөлігіміз де бар. Ұзындығы 10 метрден 15 метрге жететін бірнеше көлік-сатымыз да дайын.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

Источник Газета Айкын