ЖЫЛ КЕЛГЕНДЕЙ ЖАҚСЫЛЫҚ

Әлқисса!.. Ұлы суреткер, арда азамат, ұлағатты ұстаз, шебер аудармашы, ғаламат ғалым Мұхтар Әуезовтің «Жыл келгендей жаңалық» деген мақаласы бар еді. Қайбір пленумда жас қаламгерлердің шығармашылығы турасында толғанысқа толы сол баяндамасы әсерлі де маңызды шыққан-ды… Көтерілген мәселесімен, қозғалған тақырыбымен мәнді һәм тартымды.

Спорт – тән саулығы, жан саулығы және ой тазалығы. Ойнаған сайын құмарлық құштарлыққа ауысып, адамилық пен мораль үстемдік құра бастайды. Расында да солай!.. Технократия өршіп, экологиялық бұзылған шақта деннің саулығы, адам амандығы мемлекет үшін маңызды. Қаланың қарбалас тіршілігінің далдасында көп нәрсе ескерусіз қалып бара жатқаны өкінтеді.

Соның бірі – ұлт болашағы, ел ертеңі. Бұл тұрғыда спорттың атқарар қызметі орасан, мына әлемде, адамзат өмірінде алар орны алабөтен деп білеміз. Мұхаң – Мұхтар Әуезов мақаласының атауын сәл өзгертіңкіреп, жуырда шаһарымыз-да 18 бен 60 жас аралығында кіші футболдан дода өткен болатын. Аты – «Жыл келгендей жақсылық». Мешін жылы шымылдығы спортпен ашылса арты баянды болады деген тілекпен ұйымдастырушы – журналист, тележүргізуші Ақын Ордабайұлы «Құтқарушылар», «Жалын», «Жігер», «Қайсар» атты 4 команданың басын қосып, ортаға бас жүлде – кубокты қойды. Сөз сөйленіп, жылы тілектер айтылған соң турнир басталып та кетті.

Алыспай беріспейтін спорт айқасы қызықты да өнегелі болды. Әр сала адамдары, әр мамандық иелерін біріктірген футбол татулық, достық, бірлік, бауырмалдықды насихаттауда. Биік мақсат-мұратты көздеген осынау жарыс енді дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ал 2016 жылы өткен аламан ешқашан естен кетпесі анық.

2 сағатқа созылған сайыс қорытындысы бойынша Ержан Қаңлыбаев, Нұрхан Қалиев, Ардақ Алиев, Ғалым Рабатовтардан құралған Алматы қаласы Құтқару қызметінің қызметкерлері – «Құтқарушылар» командасы 1 орынға, 2 орынға «Жалын», 3 орынға «Жігер», 4 орынға «Қайсар» тұрақтады. Ең үздік құрама төбесіне кубок көтерсе, ерекше көзге түскендер «рухани азық» аталатын кітап түріндегі арнайы марапатқа ие болғаны көңілді қуаныш-шаттыққа бөлеп үлгерді.

Осындай турнирлердің бір ерекшелігі – адамдар бір-бірімен танысады, сөйлеседі, алыстағы ағайын жақындай түседі. Қазақ елінің өркендеп-өсуін, ұрпақ саулығын ойласақ, аталмыш доп додаларын, спорттық шараларды көптеп ұйымдастырсақ екен деген тілек бар. Лайым солай болғай!

Источник: qazaqadebieti.kz/3770/zhyl-kelgendej-zha-syly