ХИМИЯЛЫҚ НЫСАНДАҒЫ АПАТ КЕЗІНДЕГІ ӘРЕКЕТ

Химиялық қаупі бар нысандардың жанында тұратын тұрғын халық апаттық химиялық қаупі бар заттардың қасиеттерін, айрықша белгілері мен потенциалды қаупін біліп, зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем көрсете білуі тиіс.

АММИАК – мүсәпір спиртінің өткір тұншықтырғыш иісі бар түссіз газ. Ауадан жеңіл, суда жақсы ериді. Ақауланған ыдыстардан атмосфераға шыққан кезде түтіндейді. Ішке тартып тыныс алған жағдайда қауіпті. Концентрациясы жоғары болған кезде өлім тудыруы мүмкін. Буы тыныс алу органдарын, көзді, теріні қатты зақымдайды.

Зақымдаушы факторлар: аммиакпен уланған жағдайда жүрек қағысы мен тамыр соғысының жиілеуі, қозу байқалады, құрысу, тұншығу, көздің ашуы, жас ағу, жеңіл тұмау, жөтел, терінің қызаруы және қышуы байқалуы мүмкін.

Қорғану құралдары: қосымша ДПГ-3 патроны бар маркасы «КД» не «К», «ГП-5» және «ГП-7» өнеркәсіптік газқағарлар, олар болмаған жағдайда – суға не 5 % лимон қышқылының ерітіндісіне малынған мақта-дәкелік таңғыштар. Жан жағын жауып тұратын қорғағыш көзілдіріктер, биялай, тығыз матадан тігілген арнайы киім.

Алғашқы жәрдем көрсету шаралары:  аммиактың әсеріне түскен зардап шегушіні таза ауаа шығарып, жылу мен тыныштықты қамтамасыз ету керек. Терісін, көзі мен шырышты қабаттарын бор қышқылының 2 % ерітіндісімен не сумен кемінде 15 минут бойы шайып жуу керек. Көзіне 30 % альбуцид ерітіндісін 2-3 тамшыдан, мұрнына жылы зәйтүн не шабдалы майын тамызу керек. Сұйықты көбірек ішкізу қажет (шай, сүт және т.б.). Жатқан күйінде тасымалдау керек. Медицина қызметкерлері келіп жеткенше жасанды тыныс алдырмаған жөн, себебі өкпесі ісуі мүмкін.

ХЛОР – өткір тұншықтырғыш иісі бар жасыл-сары түсті газ. Ауадан 2,5 есе ауыр. Буланып және ауадағы судың буымен қосылған кезде жердің бетінде жасыл-ақ түсті тұман түрінде қалқып жүреді, ғимараттардың төменгі қабаттары мен жертөлелік панажайларына енуі мүмкін.

Зақымдаушы факторлар: хлормен уланған кезде кеуде ауырады, көзі түйіліп ауырады, жас ағады, ентігу, құрғақ жөтел, құсу, қозғалыс координациясының бұзылуы пайда болады және тері күлбірейді.

Қорғану құралдары: маркасы ГП-5, ГП-7 не «В» өнеркәсіптік газқағарлар, олар болмаған жағдайда – суға не 2-5 % лимон қышқылының ерітіндісіне малынған мақта-дәкелік таңғыштар.

Алғашқы жәрдем көрсету шаралары: зардап шегушінің улану белгілері байқалған жағдайда оны таза ауаға (қолтығынан демеп) шығарып, денесін қысып тұрған киімінің түймелерін ағытып, көзі мен аузын 2 % ас содасының ерітіндісімен жуыңыз, сұйықты көбірек ішкізіңіз (шай, сүт және т.б.), медицина қызметкерлерін шақырыңыз.

Апаттың қаупі жайлы Сізге дабыл сигналы, радио және телевидение хабарлайтын болады.

Қаланың нысандарындағы улы зиянды заттар апаттық жағдайлардың нәтижесінде төгілген (сыртқа шығарылған) кезде жел бағыты бойынша тарайды және олардың өзіне тән өткір иісі сезіледі, жергілікті жерде түсі әртүрлі тұманның бұлтын түзейді.

Сиреналар мен дабылдардың дыбысының шығуы «Баршаңыз назар аударыңыз!» ескерту сигналы болып табылады, сол сигнал бойынша азаматтар сымдық хабар таратудың радиохабар тарату желісінің радиоқабылдағыштарын, телевизиялық қабылдағыштарды төтенше сипаттағы хабарламаны тыңдау үшін қосуға міндетті.

Шұғыл хабарламаның үлгілік мәтіні: «Назар аударыңыз! Азаматтар! (Қай кәсіпорында орын алғаны көрсетіледі) аммиактың (хлордың) төгілуімен апат орын алды. Залалданған ауа бұлты (көрсетілетін болады) бағытта таралуда. (Көшелер көрсетілетін болады) секторында жүрген жұмысшылар мен тұрғындар жұмыс орындары мен тұрғын үйлерден, ғимараттардан дереу кетіп (көрсетілетін болады) ауданына шықсын. Ақпарат жайлы көршілеріңізге хабарлаңыз. Әрі қарай АҚ және ТЖ істері басқармасының нұсқауларына сәйкес әрекет етіңіз.

Пәтеріңізден, жұмыс орныңыздан шығып бара жатып, электрқуат көздерін ажыратып, газ келетін тетікті жауып кетіңіз, өзіңізбен бірге жеке құжаттарыңызды, қажетті заттарыңызды ала кетіңіз, суға не 2% ас содасының ерітіндісімен (5 % лимон қышқылының ерітіндісімен, улаушы заттың түріне қарай, ол болмаса, мата, орамал, сүлгі, киімнің жүн не мақталық бөліктерін пайдалануға болады) шыланған мақта-дәкелік таңышты қолданыңыз.

Жел Сіздің бетіңізге не желке жағыңыздан емес, оң не сол жағыңыздан соғатындай бағытта қозғалыңыз.

Егер апат болған ауданнан шығу мүмкін болмаса, есік-терезелерді, түтін мұржалары мен желдету тесіктерін жақсылап бітеңіз. Сыртқы есіктерді көрпе мен өзге де тығыз тоқылған маталармен бітеп жабыңыз. Терезенің саңылаулары мен жақтаулардың түйіспелерін қабықшамен, лейкопластырьмен не кәдімгі қағазбен жауып тастаңыз.

Егер Сіз адамдардың улы газбен уланғанын көрсеңіз, оған немқұрайлы қарамаңыз. Зардап шегушіні таза ауаға шығарып, қысып тұрған киімінің түймесін ағытып, көзі мен аузын 2 % ас содасымен шайып, дәрігерді шақыртыңыз.

Радио, телевидение не ІІМ патрульдік автокөліктерінің дауыс зорайтқыштары арқылы апаттың жойылғаны туралы сигнал берілгеннен кейін тұрғын үйлер мен өндірістік панажайларға оларды желдетіп алғаннан кейін ғана кіруге рұқсат етіледі.

Залалданған аймақтан шыға салысымен сырт киіміңізді шешіп алып далаға қалдырып кетіңіз, душ қабылдап не сабындап жуыныңыз, көзіңізді жақсылап жуыңыз, аузыңызды шайыңыз.

Есіңізде болсын! Залалданған аймақта әрекет ету ережелерін қатаң ұстану, ұйымшылдық, сабырлық және шешімді әрекеттер – әрбір адамның денсаулығы мен өмірінің сақталу кепілі.