Алматыда Сайран көлінде жеті жасар қыз құтқарылды

07 маусым 16 сағат 32 минутта «Сайран» көлін шығыс бағыттан күзету кезінде Алматы қаласы «109» қызметінің құтқарушылары суға батып бара жатқан баланы байқаған. Құтқарушылар судан жеті жасар қызды шығарып алып, алғашқы дәрігерлік көмек жасаған. Оқиға орнына «103» қызметінің мамандары және полиция қызметкерлері келді. Жедел жәрдем қызметкерлері баланы тексеріп, стационарға жеткізген.

Анықталғанындай, қыз бала ата-анасыз 11 жастағы әпкесімен бірге көлге келген. Қыздар суда ойнамақшы болып, жағада тұрған катамараннан суға секірген. Құтқарушылардың тез арада әрекет етуінің арқасында қайғылы оқиға орын алған жоқ.

Суға шомылу маусымы кезеңінде Алматы қаласы әкімі аппаратының Құтқару қызметінің мамандары «Сайран» көлінде тәуліктік кезекшілік жүргізуде. Құрамында 5 құтқарушы  және 1 дәрігер – құтқарушы бар топ жағалауда жаяу түрде және көл аумағында патрульдеу жүргізеді. Тұрғындарға суда шомылу тәртібі, жабдықталмаған орындарда суға түсуге болмайтыны, мас күйінде суға түсудің қауіптілігі туралы ақпарат береді. Ата-аналардың балаларын үнемі қадағалауына назар аударады. Егер демалушылар жағалаудан  алыстап кетсе, оларды қайықпен жағалауға жеткізеді. Алайда демалушылардың көпшілігі құтқарушылардың ескертулерін назарға алмайды.

Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының назарына!

Қала өзендері мен су айдындарындағы демалыс кезінде ерекше мұқият болуларыңызды сұраймыз!

Шомылу маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын ұмытпаңыздар!

Арнайы белгіленген орындарда ғана шомылыңыздар!

Мас күйінде суға түсуге болмайды!

Толқын кезінде суға шомылуға болмайды!

Кез келген жерден суға секірмеңіз!

Жағалаудан алыстамаңыздар, арнайы белгілерден әрі қарай өтуге болмайды!

Арнайы жүзу құралдарын пайдалану кезінде құтқару жилетін киіңіз!

Балаларыңызды, әсіресе кішкене балаларды қараусыз қалдырмаңыз!

Судағы жазатайым жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін екенін ескеріңіз!

Алматы қаласы әкімі аппараты ШЖҚ
Алматы қаласының Құтқару қызметі МКК
Баспасөз қызметі