Кіші Алматы шатқалында дәстүрлі жыл сайынғы «Нұрсұлтан-2019» альпиниадасы өткізілді

Қазақстан Республикасындағы Жастар жылы мен Астана күнін мерекелеу құрметіне 2019 жылдың 7 шілдесі күні Кіші Алматы  шатқалында  «Нұрсұлтан – 2019»  жыл сайынғы  альпиниадасы өткізілді.

Шыңды бағындыруға барлығы 3500 қатысушы тіркелді, негізінде барлық қатысушылар саны 6500. Нұрсұлтан  шыңына 234  адам, ал Қазақстан  халқы  Ассамблеясы шыңына 139 адам көтерілді.

Жарыс таңертемен келесі  маршрут бойынша басталды:  Медеу (1600м) – Шымбұлақ (2380м)– Талғар асуы (3200м) – Богданович мұздығы (3600м) – әрі қарай  1-маршрут немесе  2-маршрут.

  • 1-маршрут: Богданович мұздығы – Комсомол асуы (4000м) –  Нұрсұлтан шыңы 4376м;
  • 2-маршрут: Богданович мұздығы – Физкультурник асуы (4000) –  Қазақстан халқы  Ассамблеясы  4068м ( Физкультурник асуы).

Альпиниаданы «Алматы спорты» әлеуметтік жобасы шеңберінде Алматы  қаласының  Спорт басқармасы және Алматы қаласының альпинизм  федерациясы, ҚР ІІМ ТЖК және Алматы қаласының  құтқару  қызметі  бірлесіп өткізді.

Альпиниаданы өткізу  қауіпсіздігін Алматы  қаласы  әкімі  аппаратының ШЖҚ «Алматы қаласының құтқару қызметі» КММ, ҚР ІІМ Төтенше  жағдайлар  комитеті,  ҚР альпинизм федерациясы  қамтамасыз етті.

Құтқару  қызметінен  аталған  шараға 21 құтқарушы, Алматы  қаласы «109» медициналық  орталығының 4 дәрігер – құтқарушысы, 4 техника және ықтимал  зақымдалушыларды  жабдықтарымен тасымалдауға  арналған  МИ-8  тікұшағы қатысты.  Шыңға  шығу  трассасының бойында  Алматы  қаласы құтқару  қызметінің  құтқарушылары мен дәрігерлері болды. Альпиниаданы өткізу  барысында қатысушылардың ешқайсысы дәрігерлік көмек сұраған  жоқ.

Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттау және  тұрғындарды демалыстың  белсенді  түрлеріне  тарту,  Қазақстанда альпинизмді дамыту мен  жарнамалау мақсатында өткізілді.

Жарыстардың соңында қатысушыларға ескерткіш сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Алматы қаласы әкімі аппараты ШЖҚ
Алматы қаласының Құтқару қызметі МКК
Баспасөз қызметі