Екі ер адамның Үлкен Алматы шыңында адасуы

01 тамызда таңертеңгі сағат 06-30-да Алматы қаласы құтқару қызметінің «109» нөміріне хабарласқан әйел адам құтқарушылардан көмек сұраған. Оның айтуынша екі ер адам тауға кетіп, әлі оралмаған. Соңғы рет түнгі 03 сағат 37 минутта хабарласып, өздерінің Үлкен Алматы шыңы маңында адасып кеткендерін айтқан. Шақыру орнына қажетті құрал-жабдықтарымен құтқарушылардың екі экипажы жіберілді. Айтылған жерге келгеннен кейін құтқарушылар екі топқа бөлініп, шатқалда іздеуге кіріскен.

29 жастағы және 32 жастағы екі ер адам тауға келіп, Үлкен Алматы шыңына көтерілмекші болған. Кері қайтар уақытта кеш батқанын байқаған. Түнгі уақытта жолдан адасқан олар таныс әйелге хабарласып, шамамен өздерінің қай жерде екендіктерін хабарлаған.

Құтқарушылар оларды 12 сағат 25 минутта Аю сай шатқалындағы шыңның жанынан тапқан. Ер адамдар дәрігерлік көмекті қажет етпеген. Құтқарушылар альпинистік жабдық арқылы олардың сарқырамадан қауіпсіз өтуін қамтамасыз еткен, шатқалмен төмен қарай түсіп, танысы күтіп тұрған жерге алып келген. Іздеу-құтқару операциясы 14 сағат 36 минутта сәтті аяқталған. Аталған шараға Алматы қаласының құтқару қызметінен 2 құтқару техникасы мен 8 құтқарушы қатысты.

Алматы қаласы әкімі аппараты ШЖҚ

Алматы қаласының Құтқару қызметі МКК

Баспасөз қызметі