Алматы қаласы Құтқару қызметінің құтқарушылары «Сайран» көлінде суда демалушыларды екі рет құтқарды

07 тамызда Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқарушылары «Сайран» көлінде демалушыларды екі рет құтқарды.

Алғашқы жағдай 18 сағат 24 минутта көлдің батыс жағында орын алды. Жас жігіт суға түсіп, малти бастаған. Жағадан біршама қашықтықта жүзіп барып, суға бата бастаған. Сол жерде жақын маңда достары болып, олар жас жігіттің суға батып бара жатқанын байқап, көмекке шақырған. Құтқарушылар жақын жерден қайықпен жақындап барып, оның артынан суға сүңгіген. Оны судың астынан бірден тауып алып, жағаға алып шыққан. Жас жігіт ес-түссіз болған. Құтқарушы – дәрігер алғашқы дәрігерлік көмек, жүрек – тыныс алу мүшелеріне реанимация жасаған. «Жедел жәрдем» келгенше реанимация табысты болып, жас жігіт есін жиған. «103» қызметінің бригадасы оны қалалық стационарға жеткізді.

Қараңғы, кешкі уақытта құтқарушылар патрулдеу кезінде көлдің оңтүстік жағында қозғалысты байқаған. Анықталғандай, ол ішінде төрт адамы бар екі орындық катамаран болып шыққан. Құтқарушылар оларға тәуліктің қараңғы мезгілінде шомылуға тыйым салынғаны туралы ескертпекші болып, екі қайыққа мініп оларға қарай бағыт алған. Сол мезгілде катамаран аударылып, екі жас жігіт пен екі қыз суға бата бастаған. Дер мезгілінде жеткен «109» қызметінің құтқарушылары төртеуін құтқарып алған. Дәрігерлік көмек қажет болмаған, енді оларға өздерінің оғаш қылықтары туралы жағада күтіп тұрған полиция қызметкерлеріне түсіндіруге тура келеді. Бұл жағдай 21 сағат 05 минутта тіркелген.

Бүгін, міне Алматы қаласы құтқару қызметінің құтқарушыларының жедел және бірлесе қимыл жасауының арқасында, көлде қайғылы оқиға орын алмады. Құрамында 5 құтқарушы, 1 дәрігер- құтқарушы және 3 бірлік мотор қайығы бар олар тәуліктік режимде «Сайран» көлінде өз қызметтерін табысты атқаруда.

Алматы қаласы әкімі аппараты ШЖҚ

Алматы қаласының Құтқару қызметі МКК

Баспасөз қызметі