Алматы қаласы «109» қызметінің құтқарушылары жаңбыр зардаптарын жою жұмыстарын жүргізді

15 тамызда Алматы қаласындағы күшті нөсердің нәтижесінде қаланың бірнеше аудандарындағы жеке меншік тұрғын үйлерді, аулалар мен жертөлелерді, жолайрықтарын су басып қалу оқиғалары жиіледі.

Алматы қаласы Құтқару қызметінің «109» нөміріне тұрғындар шақыртулары таңертемен сағат 04:31-де түсе бастаған. Барлығы 13 шақырту келіп түскен. Құтқарушылар су басып қалу зардаптарын жою үшін мекен-жайларға шыққан, шақыртулар көбінесе Алатау ауданынан болған. Суды сору жұмыстары Ақбұлақ шағын ауданының Бейсекбаев көшесінде жүргізілді, мұнда жаңбыр суының әсерінен төрт жеке меншік үйді су басып қалған.

Осы аталған шағын ауданның: Сәмәди, Нұрпейісов, Сухэ-Батор көшелерінде жеке меншік үйлерді, аулаларды, жертөлелерді су басып қалғаны туралы хабарламалар болған. Аталған мекен-жайлар бойынша іс-шараларды Алатау ауданының мердігерлік ұйымдары жүргізді.

Әуезов ауданындағы Райымбек даңғылы мен Саин көшесінің қиылысындағы жолайрығы да су астында қалған, құтқарушылар аудандық әкімшілікпен және «Алматы Су» коммуналдық қызметімен бірлесіп табиғат апатының зардаптарын жоюға ат салысты.

Құтқару операцияларына Алматы қаласы Құтқару қызметінің 9 қызметкері, 2 техника бірлігі және 4 мотопомпа қатысты.

Алматы қаласы әкімі аппараты ШЖҚ
Алматы қаласының Құтқару қызметі МКК
Баспасөз қызметі